Апелляциялық алқа «Халық Банкінің» бұрынғы қызметкерлеріне қатысты істі қарады

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Маңғыстау облысының Ақтау қалалық сотында «Қазақстан Халық Банкі» АҚ МОФ-ның бір топ бұрынғы қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс қаралып, үкім жарияланған болатын.

Басты сот талқылауында сотталушылардың алдын ала өзара қылмыстық сөз байласып, аса ірі мөлшерде ақшалай қаражатты ұрлау мақсатында, 2007-2013 жылдар аралығында кассалық құжаттарға жалған ақпараттарды енгізу арқылы 992 407 406 теңге ұрлағандары анықталды.

Сот үкімімен:

Банктің барлық бөлімдерді бақылаушы операциалық басқарма бастығының орынбасары лауазымында болған Г.К.Мендалиева мен Қайта санау кассасы бөлімінің басшысы лауазымында болған Ж.Айдарова ҚР ҚК-нің 176-бабының 4 бөлігінің «б» тармағымен кінәлі деп танылып, мүлкі тәркіленумен, 9 жыл бас бостандықтарынан айыру жазасы тағайындалған;

Қайта санау кассасы бөлімінің жетекші кассирі лауазымында болған Р.Ж.Ахметова ҚР ҚК-нің 176-бабының 4 бөлігінің «б» тармағымен кінәлі деп танылып, мүлкі тәркіленумен, ҚР ҚК-нің 55-бабын қолданумен (белгілі бір қылмыс үшін көзделген жазадан гөрі неғұрлым жеңіл жаза қолдану), 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған;

Операциялық касса бөлімінің жетекші кассирі болған Р.С.Ембергенова мен №1 Дербес Сервис орталығының аға кассирі лауазымында болған Ж.И.Кушбаева ҚР ҚК-нің 176-бабының 4 бөлігінің «б» тармағымен кінәлі деп танылып, 7 жыл бас бостандығынан айыру жазалары тағайындалған. ҚР ҚК-нің 63-бабының қолданылуымен тағайындалған жаза шартты деп саналып, оларға үш жылға сынақ мерзімі белгіленген.

Қайта санау кассасы бөлімінің жетекші кассирі лауазымында болған Г.В.Гуринович ҚР ҚК-нің 28-бабы 5 тармағымен,  176-бабы  4 бөлігінің  «б» тармағымен мүлкі тәркіленумен, 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған;

Барлық сотталушыларға банк жүйесіндегі қызметпен айналысу құқығынан 3 жыл мерзімге дейін айыру жазалары қоса тағайындалған.

Бұрын «Қазақстан Халық Банкі» АҚ МОФ-ның директоры лауазымында болған С.В.Кутепов ҚР ҚК-нің 232-бабымен  кінәлі деп танылып, оған бір мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 1 852 000 теңге айыппұл салынған.

Сотталушылардан орталасқан түрде мемлекет мүддесіне іс жүргізу шығындары өндірілген.

Мемлекеттік айыптаушы өкілдерінің, жәбірленуші өкілдерінің және кейбір сотталушылардың апелляциялық шағымдарымен аталған іс қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасында қаралды. Сот қаулысымен үкім өзгертіліп, сотталғандар Ж.Айдароваға тағайындалған жаза мерзімі 8 жыл бас бостандығынан айыруға дейін азайтылды. Ал, Г.В.Гуриновичке ҚР ҚК-нің 55-бабын қолданумен 4 жыл мерзімге бас бостандығын айыру жазасы тағайындалды. Сондай-ақ сот қаулысымен үкімнің сотталушылардың мүліктерін тәркілеу бөліктері ішінара өзгертілді.

Бірінші саты сотының үкімі заңды күшіне енді.

Сот актілерімен келіспеген тараптар 6 ай ішінде кассациялық тәртіппен шағым келтіре алады.

Қайнар: 
Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметі