Архив событий

02/10/2014

Маңғыстау облыстық сотында «Қариялар күніне» арналған салтанатты шара өтті

02/10/2014

Маңғыстау облыстық сотында елімізде жыл сайын 1-қазан күні аталып өтілетін «Қариялар күніне» арналған салтанатты шара ұйымдастырылды.

 Бұл мереке-аға ұрпақтың қоғам өміріне қосқан үлесіне шынайы ризашылық білдіретін және ардагерлерге қамқорлық көрсететін күн болып табылады.

Мерекелік кешке облыстық сот  жүйесінде ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек еткен сот саласының ардагерлері-доғарыстағы судьялар шақырылды.

Жиында құттықтау сөз сөйлеген Маңғыстау облыстық сотының төрағасы Досжан Әміров елге еңбегі сіңген қариялардың қоғамның дамуына қосқан зор үлестерін атап өтті.

- Өмірде кездескен түрлі қиындықтарға мойымай сіздер солардың барлығын жеңіп щықтыңыздар. Алдыңғы буын ағалар, сіздердің Маңғыстау облысының сот саласына қосқан үлестеріңіз ұшан теңіз. Республика бойынша облысымыздың алдыңғы үштіктің қатарында болуы-ол, әрине, сіздердің толағай табыстарыңыздың жемісі.

Сіздерге қарап, бүгінгі буын-інілеріңіз, қарындастарыңыз, сіңлілеріңіз бой түзеуде. Сіздердің жеткен жетістіктеріңізді төмен түсірмеу үшін бүгінгі судьялар да жемісті еңбек етуде. Сол үшін сіздерге алғысымды білдіремін. Өздеріңізбен тағы бір рет дидарласуды мақсат етіп, сіздерді бүгінгі мерекелік кешке щақырып отырмыз.

Құрметті ардагерлер! Бүгінгі мерекелеріңіз құтты болсын. Сіздерге мықты денсаулық, отбасыларыңызға береке-бірлік, шаңырақ шаттығын, бала-шағаларыңызға-амандық тілеймін,-деді облыстық соттың төрағасы Досжан Әміров.

Жиынды жүргізген облыстық соттың бас маманы Қазиев  Ерсін «Аман болшы, қарттарым» тақырыбында баяндама жасады.

Баяндамашы: «Қарттарға қамқорлық – біздің халқымыздың санасына терең сіңген қасиет. Ел президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында Қазақстанда ардагерлерге қамқорлық жасауда ауқымды шаралар іске асырылуда.

Бүгінгі күні Қазақстан Республикасында қарт адамдарды әлеуметтік қамсыздандырудың аралас жүйесі қалыптасты, ол зейнетақымен қамсыздандыру, мүгедектігі, асыраушысынан айрылу жағдайына, жасына байланысты берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар мен арнаулы мемлекеттік жәрдемақыларды, әлеуметтік қызметтер көрсетуді және әлеуметтік көмек беруді қамтиды»,-деп қарияларға мемлекет тарапынан жасалып жатқан әлеуметтік қамқорлық туралы айтып өтті.

Бұдан әрі салтанатты кеште сот жүйесінің дамуына елеулі үлес қосқаны, ұзақ жылғы жемісті жұмысы үшін Қазақстан Республикасы Судьялар одағының Маңғыстау облыстық филиалының атынан доғарыстағы судьялар Қауылтай Сәрсен Қуанғазыұлына, Кабаков Керекке, Орынбаев Итемген Орынбайұлына,  Кузнецов Юрий Алексеевичке,  Кемелханов Жаңабай Шаңдыбайұлына, Ахмедова Қалия Шафиғоллақызына, Ким Валентина Николаевнаға,  Оразбаева Мағрипа Салиққызына, Унербекова Алтынай Тобағұлқызына, зейнет жасына шыққан кеңсе қызметкері Жәнібек Әнуарбек Қайырғалиұлына  мерекелік сыйлықтар табысталды.

Кеш соңы М.Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясы өнерпаздарының  мерекелік концертіне ұласып, әншілер әсем ән-жырдан шашу шашты.