ЖАҚСЫЛЫҚ АЛАНОВ, Маңғыстау облыстық сотының төрағасы"ҚОҒАМ СУДЬЯЛАРҒА ЕҢ ЖОҒАРЫ ТАЛАП ҚОЮҒА ҚҰҚЫЛЫ " "//Заң газеті" 2015 жылғы 12 ТАМЫЗ

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасы

Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында «Біз: «Мен – қазақстандықпын, өз елімде мен үшін барлық есік ашық!» – деп айта алатын әділетті қоғам құрып жатырмыз. Бүгінде біздің азаматтар үшін барлық есік, барлық мүмкіндік, барлық жол ашық», – деп атап өтті.Мемлекет басшысы жариялаған «Баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет – 100 нақты қадам» Ұлт жоспарының «Заңның үстемдігін қамтамасыз ету» деп аталатын екінші бағытының 11 қадамы сот жүйесін реформалауға қатысты. Сот жүйесіне қатысты белгіленген түбегейлі реформалықөзгерістерді көздеген 16-шы қадамда азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін жеңілдету үшін сот жүйесі сатыларын оңтайландыру, бес сатылы сот жүйесінен үш сатылы сот төрелігі жүйесіне көшу бекітілген. Соттар елімізде мемлекет атынан шешім шығаратын бірден-бір орган болғандықтан, қоғам мен жұртшылық судьяларға ең жоғары талап қоюға құқылы. Және сот төрелігіне қолжетімділіктің қоғам дамуындағы рөлі аса зор. Сондықтан, сот жүйесі сатыларын оңтайландырып, үш сатылы сот төрелігі жүйесіне көшу өте маңызды және уақытында қолға алынған мәселе. Алдағы уақытта ең алдымен әлеуметтік жағынан қолдауды қажет ететін азаматтардың, қарапайым еңбек адамда-рының, алыс ауыл тұрғындарының сот төрелігіне қолжетімділігі арта түспек, себебі, олар сот сатыларына бұрынғыдай бес рет емес, қажеттілігіне қарай үш рет жүгіну құқына ие болады. Олардың ауданға, одан шығып облыс орталығына, олардан өтіп Астана шаһарын аралап, қайта-қайта алысқа шауып ат терлетуі азаяды. Бірінші сатыдағы сот аудандық сот болса, екінші немесе апелляциялық сатыдағы сот облыстық сот болып табылады. Осы сатыда қаралғаннан кейін үкім немесе шешім заңды күшіне енеді. Яғни, азаматтарымыз өз облысының көлемінде екі сатылық сотқа ғана қатысады. Ал, үшінші саты – кассациялық саты бұл жағдайда заңды күшіне енген сот актілерінің заңдылығын тексереді. Осы ретте тоқталып өтетін бір жайт бар.Кассациялық сатыдағы істердің қаралуы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотына беріліп отыр. Жалпы, үшінші сатылы соттың біреу ғана болғаны дұрыс. Алайда, кассациялық сатыдағы соттың тек қана Астана қаласында орналасқаны алаңдатады. Шалғай ауыл-аудан тұрғындарының Астана қаласына өз құқықтарын қорғау мақсатында барып-келуі отбасылары үшін едәуір қаржылай қажеттіліктер мен денсаулықтарының жарамдылығын талап етеді. Мұндай жағдаят халықтың орынды ренішін туғызып, қолға алынған оңды істің, жаңашыл реформаның толыққанды іске асуына бөгет болары сөзсіз. Әлеуметтік жағдайдан туындаған мұндай мәжбүрлік халықтың сот төрелігінің әділдігіне, мемлекеттің қамқорлығына деген сенімін азайтады. Сол себепті үш сатылық сот төрелігі принципін бұзбай, аймақтарда кассациялық тұрғыда іс қАрайтын топтар құруды ұсынар едік. Еліміздің орталығы Астана қаласында Жоғарғы Соттың басшылары мен кассациялық топ орналасқан болса, оның ажырамас бөліктері – кассациялық топтар ел шалғайлығын ескеріп, халыққа  жақын біріктірілген бірнеше аймақтарда орналасқаны дұрыс, ал, топтың судьялары ҚР Жоғарғы Сотының судьялары болып қала береді. Жоғарғы Соттың өлкелерде немесе тұрғылықты халыққа жақын орналасуы, даудың ерекшелігіне, жергілікті тұрғындардың мінез-құлқына қанығырақ болуына, Жоғарғы Сот судьяларының төменгі сатыдағы сот шешімдерінің мәніне тереңірек үңілуіне себебін тигізіп, сот төрелігі сапасының арта түсуіне арқау болары анық. Сонымен қатар, 100 қадам аясында сот жүйесінің реформалық дамуы үрдісінде апелляциялық сатыдағы сот құрамы тереңірек мамандандырылу бағытында қылмыстық істер, әкімшілік стер, азаматтық істер деп қана шектелмей, әрі қарай мамандандырылған судьялар топтарын жасақтаумен ерекшеленгені жөн болар еді. Себебі, азаматтық істерді қарау барысында экономикалық даулардан басқа, еңбек, салық, отбасы, жер, мәмілелер, мұрагерлік және тағы басқа даулардың түрлері терең маманданған судьялардың қарауын қажет етеді. Бұл топтардың ішінен аға судьялардың сайлануын қолға алып, облыстық және оған теңестірілген соттарда қылмыстық және азаматтық /әкімшілік/істер қарайтын сот алқалары төрағаларының қызметтік орындарын қысқартып, алып тастаған артық болмайды. Облыстық сот судьяларының негізінен тәжірибелі судьялардан тұратынын және олардың іс қарауда мамандандарылған топ құрайтынын ескерсек, мамандандырылған алқа төрағалары деген лауазымдық қызметтің артық екендігі айқын көрінеді. Қазір сот алқасы төрағасы қатардағы судьяның қараған барлық ісінің тек 30 пайызын ғана қарайды, ал, ол аға судья немесе судья болып қалса, жұмысты толыққанды атқарар еді. Бұдан басқа, сот ресімдерін оңтайландыру үшін апелляциялық сатыда үш судьядан тұратын құраммен қатар, бір судьядан тұратын сот құрамын да қалдырған жөн. Ол жеңіл категориядағы азаматтық, әкімшілік істерді, қылмыстық теріс қылықтарға қатысты, онша ауыр емес, орташа ауырлықтағы істерді, ҚК-нің жалпы бөлімінде көзделген негіздер бойынша жадығаттарды, сот үкімдерінің орындалуына қатысты жадығаттарды қарауға құқылы болғаны дұрыс.26-шы қадамда белгіленгендей, сот ресімдерін оңайлату және сот процестерін жеделдету үшін азаматтық-құқықтық даулар жөніндегі соттарға прокурордың қатысуын қысқартуды қолдай отырып, кассациялық сот талқылауы алдындағы алдын ала тыңдау отырысы тәртібінде прокурор наразылығының /немесе ұсынысының/ да қаралғандығы дұрыс сияқты. Өйткені, заң алдында және сот алдында тараптардың құқықтары тең деп танылады. Ал, сот өндірісінде мемлекеттің мүддесін қорғаушы-прокурор тараптың бірі болып табылады. Осыған сәйкес кассациялық наразылықтың алдын ала тыңдаудан өтпей қаралуға ұсынылып, кассациялық шағымның алдын ала тыңдаудан өтуі екінші жақтың, оның ішінде кәсіби маман адвокаттың да тең құқықтылық конституциялық құқына шектеу салады. Яғни, Конституция талабына қайшы келеді.Өтпелі кезеңде облыстық соттарда кассациялық тұрғыдан қаралып кеткен істерді Жоғарғы Соттың кассациялық сатысында қайта қарауға жақтарға толық құқық беру керек, себебі, олай болмаған жағдайда жақтар Жоғарғы Сотта үшінші сатыға шағымдану құқығынан айырылады және олардың конституциялық құқығына орасан нұқсан келеді. Бұдан басқа, облыстық сот пен Жоғарғы Соттың кассациялық сот сатыларын бір дәрежеге қоюға болмайды. Облыстық сот жергілікті соттардың қатарына кірсе, Жоғарғы Сот «азаматтық, қылмыстық, жергілікті және басқа да соттарда қаралатын өзге де істер жөніндегі Жоғарғы Сот органы болып табылады, заңда көзделген іс жүргізу нысандарында олардың қызметін қадағалауды жүзеге асырады, сот практикасының мәселелері бойынша түсініктемелер беріп отырады» деп ҚР Конституциясының 81-бабында анық көрсетілген.Біздің ойымызша, жергілікті соттарда қаралған барлық істерді, олардың жеңіл-ауырлығына қарамай, Жоғарғы Сотта кассациялық тұрғыдан қаралуға жатқызу керек. Ал, Жоғарғы Сотқа кассациялық шағыммен немесе наразылықпен түскен істерді алдын ала бір судья қарап шеше ме, немесе үш судьялық құраммен шеше ме, оны істің категориясына қарап нақтылауға болады деп есептейміз. Қандай да бір реформаның басты мақсаты – мәселенің тиімді шешілуіне қол жеткізу. Сот реформасын іске асыруға бағытталған көптеген жаңа іс-қимылдар бекітілген. Соның ішінде судья лауазымына кандидаттар іріктеу, Сот төрелігі институтын Жоғарғы Соттың жанына беру, алқабилер қарайтын істер санатын кеңейту, судьялардың жаңа этика кодексін жасау, барлық бейне және таспажазу міндеттілігін енгізу, тергеу судьясының құзырын арттыру бағыттарын қызу қолдаймыз. Және де бұл жұмыстар қазақстандық сот жүйесін жаңа белеске көтеретініне сенеміз.Дегенмен, қазір жұмыс жасап жатқан судьяларды тағы бір сыннан өткізіп алу артық емес сияқты. Соңғы жылдары сот корпусына әртүрлі жолдармен көптеген жаңа судья келді. Олардың арасында 30-ға толмаған жастар көп, ересектерінің көбі сот органдарында жұмыс істемеген заңгерлер, құқық қорғау, адвокатура органдарының бұрынғы қызметкерлері, яғни, қазіргі 100 нақты қадам талаптарына сай келмейтін кандидаттар болатын. Қазір жұмыстағы судьяларды іріктеуді Жоғарғы Соттың жанынан құрылған саралау комиссиясы іске асырып, оған жергілікті соттардың да білікті, моральдық деңгейі жоғары судьяларын қосу қажет. Бұл ойымыз қазіргі таңда Жоғарғы Соттың да, жергілікті соттардың да құзырет шеңберінің айтарлықтай өзгеріп, қайта құруға ұшырап жатуымен ұштасып тұр. Кез келген табиғи құбылыс тәрізді қазақстандық сот жүйесінің де өзіндік қалыптасу, іздену, өсу жолы бар. Ең бастысы, құрылымның тәуелсіздігімізді нығайту, Ата Заңымызға сәйкес сот жүйесін қалыптастыру, әлемдегі озық елдердің сот жүйесімен иық теңестіре қарыштап қадам басуын қалаймыз.