Меңді Әнесқызы Епенова, Маңғыстау облыстық сотының кеңсе басшысының орынбасары "Сот жүйесінің жетістіктері " "//http://www.mangmedia.kz" 2015 жылғы 29 шілде

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасы

Тәуелсіздігіміздің арқасында сот жүйесі күн сайын қарқынды дамып, заманның талабына сай жаңа бір жетістіктермен толығып келеді. Оның үстіне Ұлт көшбасшымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі сот жүйесінің дамуына ерекше ықылас танытып, әрқашан қолдау көрсетуде. Оның дәлелі, Елбасымыздың осы жылы жариялаған  Ұлт Жоспары «100 нақты қадам» бағдарламасы.  Бағдарламада арнайы сот құрлымына  бөлім арналып, сот жүйесінің мақсаттары нақты қадамдармен көрсетілген. Ел егемендігін алған санаулы жылдар ішінде сот жүйесінде талай өзгерістер орын алып, бірқатар заңдар қайта қабылданып, техникалық база нығайтылды. Бүгінде  сот жүйесі де жаһандану көшінен қалмай, әлемдік талаптарға сай реформалануда.

Елбасымыздың қолдауы мен ҚР Жоғарғы соты төрағасының басшылығының арқасында Маңғыстау облыстық сотында сапалы жұмыс жасауға барлық жағдай қарастырылған. ҚР Жоғарғы соты жанындағы соттардың қызметін қамтамасыз ету департаметіне қарасты Маңғыстау облыстық сотының кеңсесі облыс соттарының материалдық-техникалық, кадрлық және ұйымдастыру мәселелеріне қатысты бар шаруаны  жүзеге асырады. Яғни, облыстық соттан бастап аудандық соттардың материалдық жағынан уақытылы қамтылуы – мұның барлығы біздің жұмысымыз.   

Маңғыстау облысының барлық құрылымдық соттары материалдық-техникалық тұрғыдан жабдықталып, сот ғимараттары заман талабына сай. Облыс көлеміндегі әрбір сот ғимаратында тәуелсіздігіміздің нышаны көк байрағымыз желбіреп, Елтаңбамыз жарқырап тұр. Ғимараттың ішкі және сыртқы кіре беріс бөлігі жасыл желектендіріліп, қолданыстағы заңнамалармен қамтамасыз етілген.

Соттың кіре берісінде азаматтардың құқықтық арнайы бұрышы ашылып, өз құқығын қорғауы үшін заңмен белгіленген тәртіпке сай сотқа жүгіну нұсқаулығы, түсіндірме кеңестермен жабдықталып, ақпараттық терминал орнатылып, одан сот жүйесіндегі жаңалықтар туралы роликтер көрсетіліп, тегін интернет желісіне қосылған.

Елбасымыздың «Қазақстан-2050» бағдарламасын орындау мақсатында дамыған 30 мемлекеттің қатарына кіру үшін әлемдік стандарттарға сай болуымыз керек. Соның бірі электронды басқару жүйесіне көшу. Электронды басқару жүйесінің елімізде қолданысқа енгізілгеніне көп уақыт өтпесе де, өз жемісін беруде. Нәтижесінде қарапайым халық уақыты мен қаражатын үнемдейді. ҚР Жоғарғы Соты Төрағасының тапсырмасымен сот жүйесінде де бірнеше электронды сервистер енгізіліп, құжат айналымдары электронды түрде жүргізілуде.  Барлық компьютерлер кор­пора­тивтік желіге біріктірілген және сот органдарының біріңғай авто­мат­тан­дырылған ақпараттық-тал­дамалық жүйесіне тіркелген. Электронды кезек алу, сот процесіне қатысушылардың ұялы телефондарына смс-хабарлама жіберу, электронды пошта арқылы автоматты хабарландыру жүйелері өз шешімін тапқан. Сот процесіне қатысушы азамат өзінің ұялы телефонына немесе электронды поштасына келіп түскен электронды хабарлама (SMS-хабарлама) арқылы өзіне тиісті процесс уақытын біле алады. Сонымен қатар, сот кеңселері қыз­меткерлері  пошталық хабарлан­дырудан бас тартқан барлық электронды хабарламаларды көріп отыруға мүмкіндік алып отыр. Бұрын хабарлама почта арқылы жолданатын болса, қазіргі таңда заман жетістігіне орай санаулы минуттар ішінде кез келген процеске қатысушыны смс-хабарлама  арқылы шақыруға мүмкіндігіміз бар. 2015 жылдың 6 айында облыс көлемі бойынша 19159 смс-хабарлама жіберілген.  Залдар сот процестерін бейне жазуға, тіркеуге, бақылауға және бейнеконференция өткізуге ла­йықталған. Облыс көлемі бойынша 40 сот залы арнайы дыбыс-бейне жазу қондырғыларына қосылған. Әрбір сот отырысы дыбыс-бейне жазу арқылы жүргізіледі.

 «Сот кабинеті» - бұл халық үшін сот жүйесінің қолжетімділігі мен ашықтығына толықтай қол жеткізуіне мақсатталып жасалған, сот органдарының электрондық сервисіне кіруге арналған бірыңғай терезе іспеттес . «Сот кабинеті» арқылы сотқа электронды түрде талап арыз, шағым, өтініш беруге, мемлекеттік баж салығын онлайн режимде төлеуге, сот құжаттары мен жалпы сот ісіне қатысты барлық құжаттарды осы тәртіп арқылы қадағалап отыруға болады. Бұл қызмет аясында жаңа заман талабына сай үн-бейнежазба құрылғыларын енгізіп, сот отырысының электронды хаттамасы қалыптастырылады. Жасалған хаттаманы сот отырысының қатысушылары ғаламтор арқылы «Сот кабинетінде» көруіне болады. Пайдаланушының қалаған уақытында сот құжаттарын қарауға, іс бойынша сот актілерін басып шығарып алуына мүмкіндігі бар.  Биылғы жылдың алты айының қорытындысы бойынша,  «Сот кабинеті» арқылы  барлығы 3799  өтініш түсіп, оның ішінде 2675 талап арыз, 203 өтініш пен қарсылықтар, электрондық өтініштер 789, сот актілерінің көшірмесін сұрағандар саны 16, аппеляциялық шағым 90, кассациялық шағым 26. Сондай-ақ, арнайы айыппұл түрлерін төлеу үшін  «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-пен келісім шарт жасалып, әкімшілік соттардың ғимараттарына төлем терминалдары қойылған. Төлем терминалдарын орналастырудағы мақсат – халыққа ыңғайлы жағдай жасау.

Жоғарыда айтылған сот жүйесінің жетістіктерінің барлығы қағаз жүзіндегі құжат айналымының азаюын қамтамасыз етуге, сотқа жүгіну механизмін жеңілдетуге, талап арызды қабылдау және сот жүргізу процесіндегі рәсімдерді тездетуге мүмкіндік берді.