Маңғыстау облыстық сотының төрағасы Ж.Алановтың Жаңа 2017 жылмен құттықтау сөзі

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Құрметті маңғыстаулықтар мен әріптестер!

Еліміз тағы бір жылды еңсеріп, күнтізбеде жаңа жылдың бетін айқара ашқалы отыр. Ескі жылдың есіркеуі мен жаңа жылдың жарылқауын тілеп отыратын қазақ халқы үшін әрбір жылдың орны ерекше.  Өткен шақ тарих беттеріне Қазақстанның даму жолындағы жасампаз жаңалықтарымен жазылып келеді.

Бұл жылы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өттік. 2016  жыл дағдарысқа қарамастан,  сот жүйесі үшін де жетістіктері мол, табысы зор жыл болды.

Біріншіден, сот сатылары қысқартылып, жаңа Азаматтық процестік кодекс азаматтық-құқықтық қатынастардан туындайтын дауларды реттейтін негізгі тетікке айналды.

Екіншіден, қазылардың VII съезін абыроймен өткізіп, Судьялық Әдеп кодексі қабылданды. Бұл сот жүйесіндегі тізбектелген жетістіктердің бір-бір түйірі ғана. Мұның бәріне берекелі бірлігіміз бен тиянақты тірлігіміздің арқасында қол жеткіздік деп ойлаймын.  Ең бастысы, халқымыздың сотқа деген сенімі  біз үшін қашан да маңызды міндет болып қала бермек.

Келе жатқан жаңа жылдан күтер жаңалығымыз мол. Әрбір алға қойған жаңа мақсаттарымызды орындауға халқымыздың бай тәжірибесі, ынтымағы мен бірлігі ең басты кепіл болатыны анық.   

Сіздерді Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекетіміз дамудың даңғыл жолынан таймай, толағай табыстарға кенеле берсін! Жаңа жылда шаңырақтарыңыз молшылыққа, бақыт пен шаттыққа бөленсін! Ең бастысы еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын!