Маңғыстау облыстық сотының 2017 жылдың 12 айында атқарған жұмысы туралы

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Өткен жылы облыс соттарында барлығы 41302 (2016 ж. – 36945) істер мен материалдар қаралған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 4357 іске көп.

Барлық аяқталған істің 1895 тұлғаға қатысты 1615-і қылмыстық іс,  23314-і – азаматтық және 16804-і әкімшілік істер.

Қылмыстық істер бойынша

2017 жылдың 12 айында жергілікті соттарда 1895 тұлғаға қатысты 1615 (2016 ж. – 2012 тұлғаға қатысты 1738 іс) қылмыстық іс аяқталған. Оның ішінде 1396 тұлғаға қатысты 1195 қылмыстық іс үкім шығарумен аяқталған, 337 тұлғаға қатысты 295 іс өндірістен қысқартылған, 3 адам мәжбүрлеп емдеуге жіберілген. Қысқартылған істердің көпшілігі онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыс жасап, жәбірленушімен татуласуына байланысты жүзеге асырылған.

Талдауға сәйкес, ең көп қаралған қылмыс санаты бойынша Қылмыстық кодекстің 346-бабымен (көлік құралын мас күйде басқару) 293 іс, 188-бабымен (ұрлық) 217 іс, 296-баппен (есірткі заттарын заңсыз сақтау, тасымалдау) 121 іс қаралған.

Облыс соттарымен қысқартылған тәртіппен 759 іс қаралған (2016 жылы 178 іс).

2017 жылы 1380 тұлға сотталып, 370-сі бас бостандығынан айырылған.

Онша ауыр емес қылмыс бойынша 140 тұлға сотталса,  оның ішінде 25 тұлғаға бас бостадығынан айыру жазасы тағайындалған.

Ауырлығы орташа қылмыстық істер бойынша 209 тұлға сотталса, 35 тұлғаға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.

Ауыр және аса ауыр қылмыстық іс бойынша 418 іс қаралса, оның ішінде 250 тұлғаға қатысты бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.

Өткен жылмен салыстырғанда сотталғандарға тағайындалған айыппұл және қоғамдық жұмысқа тарту түріндегі жазалар артып, түрме халқының санын азайту мақсатында бас бостандығынан айыру жазалары төмендеген.

Айыппұл жазасы тағайындалған қылмыстық істер бойынша:

Есепті мерзімде 146 тұлғаға айыппұл жазасы тағайындалып, бүгінгі күні 91 тұлға айыппұл сомасын төледі, қалғаны орындалуда.

Тергеу судьяларымен қаралған жадығаттар бойынша:

Тергеу судьяларының қарауына барлығы 1650 тергеп-тексеру органдарының өтініші түскен, 1636-сы қаралып, 1554-і (94%) қанағаттандырылған.

Тергеу судьялары бір жылда күзетпен ұстауға 484, үйқамақта ұстауға 9, экстрадициялық қамақта ұстауға 18, тұрғын-жайды немесе қызмет орнын қарап-тексеруге 68 санкция берген.

Сыбайлас жемқорлық бойынша 25 адамға қатысты 24 іс аяқталған (2016 жылы 26/30), 23 адам сотталған, 9-ы бас бостандығынан айырылған, 7-еуіне шектеу жазасы тағайындалған, 7 тұлғаға айыппұл салынған.

Есірткі немесе психотроптық заттарды заңсыз дайындау,өңдеу, сақтау, тасымалдау немесе сатуға байланысты барлығы 357 қылмыстық іс қаралған, 39 тұлға қоғамдық жұмысқа тартылған, 62 тұлғаға айыппұл салынған, 151 тұлға бас бостандығынан айырылған, 2 адамға шартты жаза тағайындалған.

Азаматтық істер бойынша

2017 жылы  Маңғыстау облысы соттарында барлығы 23 314  (2016 ж. – 20 039) азаматтық іс қаралып аяқталған, істер саны алдыңғы жылдан 3275 данаға өскен.

Олардың ішінде 11 804 (50,1 пайыз) азаматтық іс шешім қабылдаумен, 8 012 арыз (34 пайыз) сот бұйрығын шығарумен аяқталған, 141  іс (1,2  пайыз)  сырттай өндірісте қаралған, ал, 931 арыз талап қоюшылардың арыздары негізінде қараусыз қалдырылған.

Азаматтық істер Ақтау, Жаңаөзен қалалары мен Мұнайлы ауданында жиі қаралған, ең аз азаматтық істер Түпқараған ауданында қаралған.

Азаматтық істердің санаттарына қарай:

Алимент өндіру бойынша – 1826 сот бұйрығы шығарылған.

Жеке тұлғалардан салық қарызын өндіру туралы – 1366 сот бұйрығы шығарылған.

Еңбек даулары бойынша – 246 іс қаралған. Оның 78-і жұмысқа қайта орналастыру туралы, 98-і айлық жалақыны өндіру туралы.

Отбасы-тұрмыстық қатынастағы даулар бойынша – 3526 іс қаралған, оның ішінде ата-аналық құқығынан айыру бойынша – 101, баланың тұрғылықты орнын анықтау туралы - 54,  неке бұзу туралы – 2306 іс қаралған. 

Тұрғын үй қатынастарынан туындайтын даулар бойынша – 3167, жер қатынастары туралы даулар бойына – 104, банктік келісім шарт бойынша – 1672, кәсіпкерлер арасында – 63, мемлекеттік сатып алу заңнамасына байланысты – 817, ар-намыс, қадір-қасиеті және іскерлік абыройды қорғау туралы – 26, авторлық құқықты сақтау туралы – 21, қоршаған ортаны қорғау туралы - 11іс қаралған.

Бала асырап алу туралы - 200 арыз қаралған.

Шетелдік азаматтарды ҚР аумағынан шығару туралы – 65 азаматтық іс қаралған.

Әкімшілік істер бойынша

2017 жылы барлығы 16829 адамға қатысты 16 804 әкімшілік іс қаралып аяқталған. Жалпы қаралған істердің ішінде 296 адамға ескерту жарияланған, 7309 адамнан әкімшілік айыппұл өндірілген, 4 532 адам әкімшілік қамаққа алынған, 1 662 адам арнайы құқығынан айырылған, 238 адамға арнайы құқығынан айыру жөнінде қосымша жаза тағайындалған, 964  шетелдік адамды республика аумағынан шығару жөнінде қосымша жаза тағайындалған, 192 іс бойынша қосымша жаза ретінде мүлікті тәркілеу қолданылған, сонымен қоса 9 іс бойынша заңсыз тұрғызылған құрылыс бұзылған. Құқық бұзушы ретінде жауапкершілікке 130 заңды тұлға тартылған, қалғандары жеке тұлғалар.

Есепті мерзімде мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың әрекеттеріне 92 шағым түсіп, оның ішінде 14 арыз қанағаттандырылған.

277  әкімшілік іс апелляциялық тәртіпте қаралған. Олардың ішінде 121 қаулы өзгеріссіз қалдырылған. 9 қаулының күші жойылған, 8 қаулы өзгеріске түскен.

Облыс бойынша 203 қылмыстық іс, 1233 азаматтық және 404 әкімшілік іс медиация рәсімімен аяқталған.

Сот жүйесіндегі электронды сервистердің қолданысы туралы:

«Ұлт жоспарының» 20-қадамында мемлекет басшысы барлық сот процестерін дыбыс-бейнетаспа құралдарына жазу міндетін жүктеген болатын. 2015 жылы өңір соттарының 98 пайызы заманауи құрылғымен жабдықталса, 2016 жылы бұл 100 пайыздық көрсеткішті құрап отыр. Яғни, облыс бойынша 41 сот мәжіліс залдары (АВФ) дыбыс-бейне жазба құрылғысымен 100 пайыз қамтылған.

Сот төрелігін атқаруда қағазбастылықтан арылу мақсатында заманауи технологияларды қолдану арқылы барлық соттарда электронды сот ісін жүргізу жүйесі енгізілген.  Яғни, сот өндірісіне қатысушылардың істің қозғалысы туралы жедел ақпарат алып, шығарылған сот актілерімен электронды жүйе арқылы танысуына, сот процесіне қатысушылар өз істерінің қозғалысын үйлерінен шықпай-ақ, кез-келген уақытта бақылай алуына барлық мүмкіндіктер жасалды.

Есепті кезеңде 25007 талап арыз, 6079 арыз, 1459 өтініш, одан өзге құжаттарды қосқанда барлығы 35988 құжат «Сот төрелігі» электронды сервисі арқылы тіркелген.