Е.А.Қазиев Маңғыстау облыстық соты ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы "Биікті бағындыратын бағыт" // "Заң газеті" 2015 жылғы 28 шілде

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасы

Кез келген тәуелсіз мемлекеттің алға қойған мақсаты мен жоспары болмаса, ол елдің болашағын елестетудің өзі қиын-ақ. Бүгінге дейін Елбасымыздың салиқалы саясатының арқасында ел дамуы үшін бекітілген талай бағдарламалар мен жоспарларды ел болып бірігіп, іске асырдық. Сол жоспарлардың бірі емес, бірегейі осы «100 нақты қадам: Ұлт жоспары» болмақ. Қабылданғанына көп уақыт өтпесе де, «Ұлт жоспары: 100 нақты қадам» бағдарламасы тек Қазақ елін ғана емес, төрткүл әлемнің назарын өзіне аудартты. Бұл жоспарға «Нобель» сыйлығының лауреаты, профессор Фин Килландтың өзі «Нұрсұлтан Назарбаев уақытты дөп басып отыр», – деген үлкен таңданыспен оң баға беріп үлгерді. Бүгінде жоспар аясында елімізде 100 қадамға арналған нақты іс-шаралар қолға алынып, жан-жақты іске асырылып жатыр. «100 нақты қадам» – бұл жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап және сонымен бір мезгілде, жаңа тарихи жағдайларда ұлттың дамыған мемлекеттердің 30-дығына кіруі жөніндегі жоспары» екендігі көрсетілген. Алға адымдап, болашаққа деген сеніммен өрлесек, өркениеті дамыған 30 елдің қатарына қосыларымыз сөзсіз. Ал ол жетістікке жету үшін барлық қазақстандық осы бағдарламаға өз үлесін қосса, біз биік мақсатымызды шын мәнінде бағындыра аламыз. Бұл – жоспар мемлекетіміздің сипатын өзгертіп, еліміздің дамуын жалғастыратын үлкен реформа. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында әрбір салаға ерекше көңіл бөлініп, ол жіті қадамдармен бақыланып жасалған. Қай қадамын алып қарасаңыз да ел дамуы үшін маңызы зор. Осы уақытқа дейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі азаматтардың сот арқылы құқықтарының қорғалуына және сот жүйесінің жұмысына ерекше көңіл бөліп, бір сәтке назардан тыс қалдырған емес. Оны осы «100 нақты қадамда» сот қызметі, сот құзыретіне арнайы бөлім арнағандығынан да анық байқауға болады. Атап айтсақ, азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін жеңілдету үшін сот жүйесі инстанцияларын оңтайландыру 16-қадамнан көрініс тапқан. Шын мәнінде, екінің бірі судья болмай, таза біліктілік талап етіліп, сол талапқа сай әділ қазылық ете алатын, қазақ деген текті туған халықтың арасынан адамгершілік қасиеті жоғары, ақылы асқан, пайым парасаты бөлек, ой өрісі озық, сот саласында тәжірибесі мол азаматтарды судьялық лауазымға тағайындай алсақ, елімізде адам құқықтары сот арқылы әділетті қорғалып, сот жүйесінің дамуы жоғары нәтиже көрсетері анық. Енді, міне, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында осы бағыттағы жұмысқа ерекше көңіл бөлініп отыр. 17-қадамда судья лауазымына кандидаттарды іріктеу тетіктерін көбейту және біліктілік талаптарын қатайту туралы кеңінен айтылса, «Оқуды және сот тәжірибесі арасындағы өзара байланыс­ты күшейту үшін сот төрелігі институты мемлекеттік басқару академиясының құрылымынан бөлінуі керек» деген міндеттер 18-қадамда көрсетілген. Инвестициялық даулар бойынша жеке сот істерін жүргізуді құру, Дубай тәжірибесі бойынша Астана қаласында «AIFC» халықаралық орталығын құру, шетелдік және халықаралық соттардың үздік стандарттары бойынша сот істерін жүргізуді қамтамасыз ету үшін Жоғарғы Сот жанынан беделді шетелдік судьялар мен заңгерлер қатысатын халықаралық кеңес құру туралы да нақты айтылған. Сот рәсімдерін оңайлату және сот процестерін жеделдету үшін азаматтық құқықтық даулар жөніндегі соттарға прокурордың қатысуын қысқарту және т.б. маңызды мәселелерді 23, 24, 25, 26-қадамдардан табуға болады. Сот жүйесіне қатысты қадамдардың барлығында заңның үстемдігі жоғары қойылған. Заңның үстемдігі – нығайған, дамыған алып мемлекеттің кепілі. Сондықтан жаңа жоспардың құқықтық мемлекет құрудағы маңызы зор болары күмәнсіз.