Денсаулық сақтау басқармасының басшысына қатысты үкім жарияланды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Ақтау қалалық сотында Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодесінің 361-бабы 4 бөлігінің 3) тармағымен кінәні мойындау туралы мәміле нысанындағы процестік келісім бойынша келіп түскен Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ж.Жаманбаеваға қатысты қылмыстық іс бойынша үкім жарияланды.

Сотта анықталғандай, Ж.Жаманбаева Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы бола тұра, белгіленген лауазымдық міндеттері мен шектеулерге қарсы әрекет ете отырып, 2020 жылы тамыз айында «Covid-19» инфекциясының республика аумағында кең таралуына сай, тиісті қаржы бөлінбестен бұрын, 222 000 000 теңгеге «Сentropharm» ЖШС-мен 6 дана жылжымалы рентген аппараттарын бір көзден сатып алу туралы шарт жасасқан. Аппараттарды сатып алу үшін 2020 жылғы бюджеттік жоспарға нарықтық құнынан жоғары бағамен бюджеттік өтінім дайындап, облыстық маслихатқа медициналық жабдықтарды сатып алу үшін қаржы бөлу туралы ұсыныс білдіріп, нәтижесінде қалалық маслихаттың шешімімен аталған қаржы бөлінген.

Алайда мемлекеттік мекемелерді материалды-техникалық қамтамасыз ету талаптарына сай облыстық қазынашылық департаментінен келісім-шарт тіркеуден өтпеген.

Осыдан соң Ж.Жаманбаева бағынышты медициналық мекемелер арқылы сатып алу мақсатында аудандық емхана директорларына «Сentropharm» ЖШС-мен жылжымалы рентген аппараттарын бір көзден сатып алу тәсілімен келісім-шарт жасауды талап еткен.

Осылайша Ж.Жаманбаева әрбір жылжымалы рентген аппараттарын заңсыз жоғары бағамен сатып алуға ықпал ету арқылы мемлекетке барлығы 29 540 000 теңге залал келтірген.

Сотталушы сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде кінәсін мойындап, келтірілген шығынды өтеп, кінәні мойындау туралы мәміле нысанындағы процестік келісімге келген.

Басты сот талқылауында сотталушыкінәні мойындау туралы процестік келісімді толықтай қолдайтынын және іс бойынша жинақталған дәлелдемелерді дауламайтынын айтты.

Сот жаза тағайындау кезінде сотталушының кәмелетке толмаған балаларының барын, жұмыс орнынан жағымды мінездемесін қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде қабылдады. Жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

Сот үкімімен Ж.Жаманбаева ҚР ҚК-нің 361-бабы 4 бөлігінің 3) тармағыменкінәлі деп танылып, судья қызметін, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, Қазақстан Республикасының Ұлттық банкінде және оның ведомстволарында, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органда, мемлекеттік ұйымдарда және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 3 жыл 6 ай  мерзімге бас бостандығын  шектеу  жазасы тағайындалды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

(Сурет ғаламтордан алынды).

Қайнар: 
Ақтау қалалық сотының баспасөз қызметі