Сұрақ-жауап

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Сайтқа кірушілердің назарына!

Құрметті сайт қонақтары, кез келген сұрақтар бойынша білікті заң көмегін заң консультациясына жүгіну арқылы алуға болады. 

Төменде ең жиі қойылатын сұрақтарға қатысты ақпарат беріледі.

Сот бұйрығы дегеніміз не?

Сот бұйрығы өндіріп алушының ақшалай сомаларды өндіріп алу немесе борышкерді және өндіріп алушыны олардың түсіндірмелерін тыңдау үшін шақырмай-ақ және сотта істі қарамай-ақ, даусыз талаптар бойынша борышкерден мүлікті талап ету туралы арызы бойынша шығарылған судьяның актісі болып табылады. Сот бұйрығының мазмұны ҚР АІЖК-нің 140-бабымен белгіленеді. Сот бұйрығының атқарушылық құжат күші болады. Ол бойынша өндіріп алу бұйрық берілгеннен кейін және сот шешімдерін атқару үшін белгіленген тәртіпте жүргізіледі (ҚР АІЖК-нің 139-бабы).

Қылмыстық іс бойынша сот отырысының хаттамасымен қалай танысуға болады?

Басты сот талқылауының хаттамасына қол қойылғаннан кейiн тараптар, сондай-ақ басты сот талқылауында жауап алынған тұлғалар сот отырысының хаттамасымен танысу туралы тілек білдіруге құқылы. Тараптар,  сондай-ақ басты сот талқылауында жауап алынған тұлғалар басты сот талқылауының хаттамасына қол қойылғаннан кейін бес тәулiктiң iшiнде хаттамаға ескертпелер беруге құқылы. Аталған мерзiмді iс бойынша төрағалық етушi тараптардың өтiнiшi бойынша он тәулiкке дейiн ұзартуы мүмкін (ҚР ҚІЖК-нің 347-бабы).

Азаматтық іс бойынша сот отырысының хаттамасымен қалай танысуға болады?

Іске қатысушы адамдар, олардың өкілдері хаттамамен танысуға және оған қол қойылған күннен бастап бес күн ішінде ондағы жіберілген қателіктерді және толық еместігін көрсете отырып, хаттамаға жазбаша түрде ескертпелер беруге құқылы. Хаттамаға жасалған ескертпелер олардың берілген күнінен бастап бес күн ішінде қаралуға тиіс (ҚР АІЖК-нің 284-бабы).

Судьяға қарсылық білдіруге бола ма?

Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу заңнамасына сәйкес, судьяға келесі негіздер бойынша қарсылық білдіруге болады:

1. Судья, егер ол:

1) осы істі осының алдында қараған кезде медиацияны жүргізген судья, прокурор, куә, сарапшы, маман, аудармашы, консультант, тараптың немесе үшінші тұлғаның өкілі, сот отырысының хатшысы, сот орындаушысы ретінде қатысқан болса;

2) іске қатысатын адамдардың немесе олардың өкілдерінің бірінің туысы, жұбайы (зайыбы) немесе жекжаты болса;

3) істің нәтижесіне жеке өзі, тікелей немесе жанама түрде мүдделі болса не, егер оның бейтараптығына негізді күмән тудыратын өзге де мән-жайлар болса, істі қарауға және шешуге қатыса алмайды және оған қарсылық білдірілуге (өздігінен бас тартуға) тиіс.

2. Істі қарайтын соттың алқалы құрамына өзара туыс, ерлі-зайыптылар немесе жекжаттар болып табылатын судьялар кіре алмайды (ҚР АІЖК-нің 38-бабы).

Қазақстан Республикасының қылмыстықіс жүргізу заңнамасында судьяға қарсылық төмендегі негіздер бойынша берілуі мүмкін.

1. Судья, егер ол:

1) осы Кодекске сәйкес қылмыстық iс соттылығына жатқызылған судья болып табылмаса;

2) осы қылмыстық іс бойынша тергеу судьясы ретінде қатысқан болса, тергеу судьясының қаулыларына шағымдарды, прокурордың өтінішхаттарын қараған болса;

3) осы iс бойынша жәбiрленушi, азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер болып табылса, куә ретiнде шақырылса не шақырылуы мүмкiн болса;

4) осы қылмыстық iс бойынша iс жүргiзуге сарапшы, маман, аудармашы, куәгер, сот отырысының хатшысы, анықтаушы, тергеушi, прокурор, қорғаушы, күдіктінің, айыпталушының заңды өкілі, жәбірленушінің, азаматтық талапкердің немесе азаматтық жауапкердiң өкiлi ретiнде қатысса;

5) жәбiрленушiнiң, азаматтық талапкердің, азаматтық жауапкердiң немесе олардың өкiлдерiнiң туысы, күдіктінің, айыпталушының немесе оның заңды өкiлiнiң туысы, прокурордың, қорғаушының, тергеушiнiң немесе анықтаушының туысы не процеске қатысушылардың қайсыбіреуінің жекжаты болса;

6) егер судья осы iске жеке, тiкелей немесе жанама түрде мүдделi деп санауға негiз болатын өзге де мән-жайлар болса, iстi қарауға қатыса алмайды. (ҚР ҚІЖК-нің 87-бабы).

Кім соттың шешімінің, ұйғарымының, үкімі мен қаулысының көшірмелерін алуға құқылы?

Үкiм жарияланғаннан кейiн – бес тәулiктен кешiктiрмей, ал көлемі үлкен болған кезде он бес тәуліктен кешіктірмей оның көшiрмесi сотталған адамға немесе ақталған адамға, қорғаушы мен айыптаушыға табыс етілуге тиiс. Үкiмнiң көшiрмесi процестің басқа қатысушыларына өтінішхат келіп түскен кезден бастап дәл сол мерзімде табыс етiледi. (ҚР ҚІЖК-нің 404-бабы).

Сот отырысына келмеген тараптарға және іске қатысатын басқа тұлғаларға шешімнің көшірмелері шешім түпкілікті нысанда шығарылған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей, оның алынғанын тіркеуді қамтамасыз ететін байланыс құралдары пайдаланыла отырып, салып жіберіледі немесе беріледі. (ҚР АІЖК-нің 234-бабы).

Атқару парағының түпнұсқасын жоғалтқан жағдайда не істеу қажет?

Жоғалған атқару ісін жүргізуді қалпына келтіру туралы өтініш атқарылатын жеріндегі  сотқа беріледі. Өтініште: өтініш иесі нақ қандай іс жүргізуді қалпына келтіруді өтінетіні, мәні бойынша соттың шешім қабылдағаны немесе іс бойынша іс жүргізудің қысқартылғаны, онда өтініш иесінің іс жүргізуде қандай жағдайда болғаны, олардың орналасқан немесе тұратын жері, өтініш берушіге жоғалған іс жүргізудің мән-жайларынан ненің белгілі екені туралы, іс жүргізу құжаттары көшірмелерінің немесе ол туралы мәліметтердің жатқан жері, нақты қандай құжаттарды өтініш беруші қалпына келтіруді қажет деп есептейтіні, оларды қалпына келтіру қандай мақсат үшін қажет екені көрсетілуі тиіс. Өтінішке сақталып қалған және іске қатысты бар құжаттар немесе олардың көшірмелері тіркеледі. Жоғалған істі қалпына келтіру туралы өтініште мемлекеттік баж салығы төленбейді (ҚР АІЖК-нің 387-бабы).

Соттың шешімі қалай орындалады?

Сот шешiмi заңды күшiне енгеннен кейiн атқару парағы жазылады, ол өндiрiп алушыға берiледi не оның жазбаша өтiнiшi бойынша сот оны аумағы бойынша атқарушылық iс жүргiзудiң тиiстi органына орындау үшiн жiбередi (ҚР АІЖК-нің 241-бабы).

Заңмен сот актілері және басқа да органдардың актілерінің орындалуы сот орындаушысына жүктелген.

Сот орындаушысының әрекетіне шағым жасау.

Атқарушылық құжатты орындау бойынша сот орындаушысының әрекетіне немесе осындай әрекеттерді жасаудан бас тартқан жағдайда өндіріп алушы немесе борышкер шағым беруі мүмкін. Шағым сот орындаушысының қызмет көрсететін учаскесінің аудандық сотына сот орындаушысының әрекет жасаған күннен бастап он күн ішінде аталған адамдарға жасаған әрекетінің орны мен уақыты туралы хабарламағаны туралы белгілі болған жағдайда шағым беріледі («Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 2 сәуірдегі № 261- IV Заңының 127-бабы).

Азаматтық іс бойынша дәлелдемелерді жинау міндеттері кімге жүктелген?

Әр тарап өзінің талаптарының және қарсылықтарының негізі ретінде сілтеме жасайтын мән-жайларды дәлелдеуі тиіс. Дәлелдемелерді тараптар мен іске қатысушы басқа да тұлғалар береді. Сот тараптарға және іске қатысушы басқа да тұлғаларға істі дұрыс шешу үшін қажетті қосымша дәлелдемелер табыс етуді құқылы. Тараптар мен іске қатысушы басқа да тұлғалар үшін дәлелдемелерді ұсыну қиындық келтірген жағдайда, сот олардың өтініші бойынша дәлелдемелерді сұратып алдыруға жәрдемдеседі  (ҚР АІЖК-нің 7 тарауы).

Сотта өзінің өкілі арқылы азаматтық істі жүргізуге бола ма?

Азаматтар өз істерін сотта өздері немесе өкілдері арқылы жүргізуге құқылы. Азаматтың іске өзінің қатысуы оның бұл іс бойынша өкілі болу құқығынан айырмайды.
Сенімхатқа, заңдарға, сот шешімдеріне не әкімшілік актісіне негізделген істі сотта жүргізуге тиісінше ресімделген өкілеттігі бар әрекетке қабілетті кез келген адам сотта өкіл бола алады (ҚР АІЖК-нің 57-бабы).

Іс материалдарымен кім танысуға құқылы?

Іс материалдарымен  айыпталушының қорғаушысы, егер ол іске қатысса, сонымен бірге, жәбірленуші және оның өкілі, азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер және оның өкілдері танысуға құқылы. Танысу ҚР ҚІЖК-нің 296-бабында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады (ҚР ҚІЖК-нің 295-бабы, ҚР АІЖК-нің 46-бабы).

Сот шығындары дегеніміз не?

Сот шығындары мемлекеттік баж бен іс жүргізуге байланысты шығындардан тұрады (ҚР АІЖК-нің 102-бабы).

Мемлекеттік бажды төлеудің тәртібі мен мөлшері, сондай-ақ оны төлеуден босату негіздері "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі) айқындалады (ҚР АІЖК-нің 103-бабы).

Іс бойынша іс жүргізуге байланысты шығындар

Іс бойынша іс жүргізуге байланысты шығындарға:

1) куәларға, сарапшыларға және мамандарға төленуге тиісті сомалар;

2) тиісті орында қарап-тексеруді жүргізуге байланысты шығыстар;

3) заттай дәлелдемелерді сақтауға байланысты шығыстар;

4) жауапкерді және (немесе) баланы іздестіру бойынша шығыстар;

5) іс бойынша жарияланым мен хабарландыруларға байланысты шығыстар;

6) тараптарға және іске қатысатын басқа да тұлғаларға хабарлау және оларды сотқа шақыру бойынша шығыстар;

7) тараптар мен үшінші тұлғалардың жол жүру және тұрғын үй-жайларды жалдау бойынша, олардың сотқа келуіне байланысты жұмсаған шығыстары;

8) өкілдің көмегіне ақы төлеу бойынша шығыстар;

9) сот өтелуге жатады деп таныған, оның ішінде тараптардың кейіннен сотқа жүгінген кезде дауды міндетті түрде сотқа дейін реттеу рәсімдерінде жұмсаған басқа да шығыстары жатады (ҚР АІЖК-нің 108-бабы).

Заңда талап қоюды қамтамасыз етудің қандай шаралары көзделген?

Талап қоюды қамтамасыз ету жөніндегі шаралар:

1) жауапкерге тиесілі және оның өзінде немесе басқа адамдарда болатын мүлікке тыйым салу (банктің корреспонденттік шотындағы ақшаға және сауда-саттық ұйымдастырушылардың ашық сауда-саттық әдісімен сауда жүйелерінде жасасқан репо операциялары бойынша нысана болып табылатын мүлікке тыйым салуды қоспағанда).

2) жауапкерге белгілі бір әрекеттерді жасауға тыйым салу;

3) басқа адамдардың мүлікті жауапкерге беруіне немесе оған қатысты өзге де міндеттемелерді орындауына тыйым салу;

4) мүлікті тыйым салудан босату туралы талап қойылған жағдайда мүлікті өткізуді тоқтата тұру;

5) мемлекеттік органның, ұйымның немесе лауазымды тұлғаның дауға салынатын актінің қолданылуын тоқтата тұру;

6) борышкер сот тәртібімен дауға салатын атқарушылық құжат бойынша өндіріп алуды тоқтата тұру болуы мүмкін. Қажет болған жағдайларда сот осы ҚР АІЖК-нің 155-бабында аталған мақсаттарға сай келетін талап қоюды қамтамасыз ету жөніндегі өзге де шараларды қабылдауы мүмкін (ҚР АІЖК-нің 156-бабы).

Талап арыз беру. Азаматтық істердің сотта қаралуы

Азаматтық істер қандай соттарда қаралады?

Азаматтық істердің облыстық және оған теңестірілген соттың соттылығына жатқызылуы

Облыстық және оған теңестірілген сот тараптардың келісуімен осы облыстың аудандық (қалалық) соттары мен оларға теңестірілген соттарының іс жүргізуіндегі біртекті істердің бірін талап ете алады, өз іс жүргізуіне қабылдай алады, бірінші сатыдағы соттың қағидалары бойынша қарай алады және шеше алады(ҚР АІЖК-нің 27-1 бабы).

Азаматтық істердің Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының соттылығына жатқызылуы

Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты тараптардың келісуімен аудандық (қалалық), облыстық және оларға теңестірілген соттардың іс жүргізуіндегі біртекті істердің бірін талап ете алады, өз іс жүргізуіне қабылдай алады, бірінші сатыдағы соттың қағидалары бойынша қарай алады және шеше алады (ҚР АІЖК-нің 28-1 бабы).      

Талап арыз қандай соттарға беріледі?

Талап жауапкердің тұрғылықты жері бойынша сотта қойылады. Заңды тұлғаға талап заңды тұлға органының орналасқан жері бойынша қойылады (ҚР АІЖК-нің 29 бабы).   

Талапкердің таңдауы бойынша соттың қарауына жатқызу қандай жағдайларда көзделген?

Тұрғылықты жері белгісіз не Қазақстан Республикасында тұрғылықты жері жоқ жауапкерге талап оның мүлкі орналасқан жер бойынша немесе оның ең соңғы белгілі тұрған жері бойынша қойылуы мүмкін.

Заңды тұлғаға да талап оның мүлкі орналасқан жер бойынша қойылуы мүмкін.

Заңды тұлға филиалының немесе өкілдігінің қызметінен туындайтын талап та филиалдың немесе өкілдіктің орналасқан жері бойынша қойылуы мүмкін.

Талап қоюшы әке болуды анықтау туралы және алименттерді өндіріп алу туралы талап қоюларды өзінің тұрғылықты жері бойынша беруі мүмкін.

Мертігуден немесе денсаулығының өзге де зақымдануынан, сондай-ақ асыраушысының қайтыс болуынан келген зиянды өтеу туралы талап қоюларды талап қоюшы өзінің тұрғылықты жері бойынша немесе зиян келтірілген жер бойынша бере алады. Өмірге және (немесе) денсаулыққа келтірілген зиян үшін белгіленген тәртіппен жауапты болып танылған заңды тұлға таратылған жағдайда талап қоюлар тиісті бюджеттік бағдарлама әкімшісінің орналасқан жері бойынша беріледі.

Орындалатын орны көрсетілген шарттардан туындайтын талап қоюлар шарттың орындалатын орны бойынша да берілуі мүмкін.

Некені бұзу туралы талап қоюлар талап қоюшының тұрғылықты жері бойынша онымен кәмелетке толмаған балалары бірге тұрған жағдайда берілуі мүмкін.

Қылмыстық немесе әкімшілік жауаптылыққа заңсыз тартудан, процестік мәжбүрлеу шараларын не әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуді қамтамасыз ету шараларын заңсыз қолданудан бұзылған мүліктік және мүліктік емес құқықтарды қалпына келтіру туралы талап қоюлар талап қоюшының тұрғылықты немесе орналасқан жері бойынша берілуі мүмкін.

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы талап қоюлар талап қоюшының тұрғылықты жері не шарттың жасалу немесе орындалу орны бойынша берілуі мүмкін.

Кемелердің соқтығысуынан келтірілген залалдарды өтеу туралы, сондай-ақ теңізде көмек көрсеткені және құтқарғаны үшін сыйақы өндіріп алу туралы талап қоюлар жауапкердің немесе кеме тіркелген порттың орналасқан жері бойынша берілуі мүмкін.

Сақтандыру шарты бойынша сақтандыру төлемін өндіріп алу туралы талап қоюлар талап қоюшының тұрғылықты жері бойынша не жауапкердің орналасқан жері бойынша берілуі мүмкін (ҚР АІЖК-нің 30 бабы).      

Ерекше соттылық қандай жағдайларда қарастырылады?

Жер учаскелеріне, үйлерге, үй-жайларға, ғимараттарға, жерге тығыз байланысты басқа объектілерге (жылжымайтын мүлік) құқықтар туралы, мүлікті тыйым салудан босату туралы талаптар осы объектілер немесе тыйым салынған мүлік орналасқан жер бойынша қойылады.

Мұра қалдырушының кредиторларының мұрагерлерге, өсиетті орындаушыға (мұраны сенімгерлікпен басқарушыға) талап қоюлары баптың бірінші бөлігінде белгіленген қағидаларға сәйкес мұраға қалдырылған мүлік орналасқан жердегі соттың қарауына жатады.

Мұрагерді лайықсыз мұрагер деп тану, мұраны иесіз деп тану, мұраны қабылдау, мұрадан бас тарту үшін мерзімді ұзарту немесе қалпына келтіру туралы талап қоюлар мұраның ашылған жері бойынша беріледі.

Жүктерді, жолаушыларды немесе багажды тасымалдау шарттарынан туындайтын тасымалдаушыларға талап қоюлар тасымалдаушының (көлік ұйымының, жеке кәсіпкердің) орналасқан жері бойынша сотқа беріледі.

Қазақстан Республикасының юрисдикциялық иммунитетiн және оның меншiгiн шет мемлекеттiң бұзуынан келтiрiлген залалдарды өтеу туралы талап қоюлар, егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта өзгеше көзделмесе, сотқа талап қоюшының орналасқан жерi бойынша беріледі мүмкін (ҚР АІЖК-нің 31 бабы).    

Бірнеше жауапкерлерге бағытталған талап арыздар қандай сотта қаралады?

Бірнеше жауапкерге талап қоюлар талап қоюшының таңдауы бойынша жауапкерлердің бірінің тұрғылықты немесе орналасқан жері бойынша берілуі мүмкін (ҚР АІЖК-нің 30 бабы).      

Талап арыздың нысаны мен мазмұны қандай болу керек?

1. Талап қою жазбаша нысанда не электрондық құжат нысанында бірінші сатыдағы сотқа беріледі.

2. Арызда:

1) талап қою берілетін соттың атауы;

2) талап қоюшының тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе), оның туған күні, тұрғылықты жері, жеке сәйкестендіру нөмірі, ал егер талап қоюшы заңды тұлға болса, онда оның толық атауы, орналасқан жері, бизнес-сәйкестендiру нөмiрi мен банктік деректемелері; егер арызды өкіл берсе, өкілдің атауы мен оның мекенжайы көрсетілуге тиіс. Арызда, егер бар болса, талап қоюшы мен өкілдің ұялы байланысының абоненттік нөмірі мен электрондық мекенжайы туралы мәліметтер көрсетілуге тиіс;

3) жауапкердің тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе), оның тұрғылықты жері, жеке сәйкестендіру нөмірі (егер ол талап қоюшыға белгілі болса), егер жауапкер заңды тұлға болса, онда оның толық атауы, орналасқан жері, банктік деректемелері (егер олар талап қоюшыға белгілі болса) мен бизнес-сәйкестендiру нөмiрi (егер ол талап қоюшыға белгілі болса). Арызда, егер талап қоюшыға белгілі болса, жауапкердің ұялы байланысының абоненттік нөмірі мен электрондық мекенжайы туралы мәліметтер көрсетілуге тиіс;

4) азаматтың құқықтары мен бостандықтарын немесе талап қоюшының заңды мүдделерін және талап қоюшының талаптарын бұзудың немесе бұзу қаупінің мәні;

5) талап қоюшы өзінің талаптарын негіздейтін мән-жайлар, сондай-ақ осы мән-жайларды растайтын дәлелдемелердің мазмұны;

6) егер бұл заңда белгіленсе немесе шартта көзделсе, жауапкерге жүгінудің сотқа дейінгі тәртібін сақтау туралы мәліметтер;

6-1) тарап (тараптар) қабылдаған, татуласуға бағытталған әрекеттер туралы мәліметтер, егер мұндай әрекеттер қабылданған болса;

7) егер талап қою бағалауға жатса, талап қоюдың бағасы, сондай-ақ өндіріп алынатын немесе дауланатын ақшалай сомалардың есебі;

8) талап қоюға қоса берілетін құжаттардың тізбесі көрсетілуге тиіс.

3. Прокурор мемлекеттік немесе қоғамдық мүдделер үшін берген талап қоюда мемлекеттік немесе қоғамдық мүдденің мәні неден көрінетіндігіне негіздеме, қандай заңды мүдделердің бұзылғаны, сондай-ақ қолдануға жататын заңға сілтеме болуға тиіс. Прокурор жеке не заңды тұлғаның мүдделері үшін өтініш жасаған жағдайда, талап қоюда жеке не заңды тұлғаның өзінің талап қоюды беруі мүмкін еместігінің себептеріне негіздеме болуға тиіс. Талап қоюға, әрекетке қабілетсіз тұлғаның мүдделері үшін талап қоюды беру жағдайларынан басқа кезде, прокурордың талап қоюмен сотқа жүгінуіне жеке не заңды тұлғаның немесе оның заңды өкілінің келісімін растайтын құжат қоса берілуге тиіс.

4. Талап қоюға талап қоюшы немесе талап қоюға қол қоюға өкілеттігі болған кезде оның өкілі қол қояды. Талап қою электрондық құжат нысанында берілген кезде ол талап қоюшының немесе оның өкілінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылады (ҚР АІЖК-нің 148 бабы).   

Талап арызға қандай құжаттар тіркелу қажет?

1. Талап қоюға:

1) жауапкерлер мен үшінші тұлғалардың саны бойынша талап қоюдың және оған қоса берілген құжаттардың көшірмелері;

2) мемлекеттік баждың төленгенін растайтын құжат;

3) өкілдің өкілеттігін куәландыратын сенімхат немесе өзге де құжат;

4) талап қоюшы өзінің талаптарын негіздеген мән-жайларды растайтын құжаттар;

5) дауды сотқа дейін реттеу тәртібінің сақталғанын растайтын құжаттар, егер осы тәртіп заңда белгіленсе немесе шартта көзделсе;

5-1) тараптың (тараптардың) татуласуға бағытталған әрекеттерді жасағанын растайтын құжаттар, егер мұндай әрекеттер жасалған болса;

6) егер дәлелдеме жауапкерде немесе үшінші тұлғада болса, талап қоюшының дәлелдемелерді талап ету туралы өтінішхаты;

7) егер талап қоюды заңды тұлға берсе, жарғының, мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәліктің немесе анықтаманың көшірмелері қоса беріледі.

1-1. Осы Кодекстің 27-бабының 1-2-бөлігінде көзделген тәртіппен берілетін талап қоюға:

1) инвестор мен уәкілетті мемлекеттік орган арасында жасалған инвестициялық келісімшарттың көшірмелері;

2) инвестордың инвестициялық қызметін растайтын құжаттар қоса беріледі.

2. Электрондық құжат нысанында берілетін талап қоюға осы баптың бірінші бөлігінің 2) - 7) тармақшаларында көрсетілген құжаттардың электрондық нысандағы көшірмелері қоса беріледі (ҚР АІЖК-нің 149 бабы).