Оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен берешек өндірілді

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Ақтау қаласының №2 сотында талапкер «Finance» арнайы қаржы компаниясы» ЖШС-нің  жауапкер  Ж.-дан қарыз ақша өндіру туралы азаматтық іс қаралды.

Сотта екінші дәрежелі банк пен жауапкер арасында 15.09.2007 жылы 468800  теңге несиені 36 ай мерзімге беру шарты, 24.10.2011 жылы банк пен талапкер арасында секьюритизация келісім шарты жасақталып, бұл келісім шарт бойынша қарызды талап ету құқығы талапкерге ауысқаны, жауапкер қарызын жартылай ғана төлеп, міндеттемелерін толық орындамағаны, қазіргі уақыттағы банктік несие шарты бойынша жауапкердің қарызы 657788,40 теңгені құрайтындығы, оның ішінде негізгі борыш сомасы 325404 теңге және сыйақы сомасы 73746 теңге, өсімпұл 258638,40  теңге, сол себепті жауапкерден осы қарыз сомасын және мемлекеттік баж салығына төленген 19733,65 теңге сот шығынын өндіруді сұрағаны анықталды.

Қазақстан Республикасы АПК-нің 145-бабының 1-тармағының 7)-тармақшасына сәйкес заңда белгіленген немесе шартта көзделген жағдайларда сотқа дейін реттеу тәртібімен жасалған сақтандыру даулары және банктік қарыз шарттарынан туындайтын даулар бойынша келісімдерді орындау туралы істер оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қаралуға жатады.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексінің 297-бабына сай, егер төленуге тиiстi айып (айыппұл, өсiм) несие берушiнiң шеккен залалдарымен салыстырғанда тым көп болса, сот борышқордың мiндеттеменi орындау дәрежесiн және борышқор мен несие берушiнiң назар аударуға лайықты мүдделерiн ескере отырып, айып төлеу мөлшерiн (айыппұлды, өсiмдi) азайтуға құқылы. Сөйтіп, сот жауапкерге 258 638,40 теңге көлемінде есептелген өсімпұл мөлшерін 95 пайызға дейін, яғни 12931,92 теңгеге дейін азайтуға жатады деген тұжырымға келді.

Сондықтан, талапкер «Finance» арнайы қаржы компаниясы» ЖШС талаптары жартылай қанағаттандырылып, жауапкерден 412081,92 теңге және сот шығыны 19733,65 теңге талапкердің пайдасына өндірілді.

Шешім заңды күшіне енді.

 

Қайнар: 
Ақтау қаласының №2 сотының Баспасөз қызметі