Дамудың жаңа деңгейі қолдау тапты

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Маңғыстау аудандық сотының ұйымдастыруымен әкімдіктің мәжіліс залында Елбасының "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған ойларды жүзеге асыру және талқылау мақсатында  аудан активтерімен кездесу  өтті.

Іс-шараға аудандық сот төрағасы Жасұлан Салиев және судьялар,  жергілікті атқарушы органдар, үкіметтік емес ұйымдар, БАҚ өкілдері мен студенттер қатысты.

Кездесу өткізудегі мақсат – мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының негізгі ережелерін түсіндіре отырып, өскелең ұрпақтың рухани-мәдени білімін арттыру, билердің, қазақ зиялыларының, мәдениет және өнер қайраткерлерінің шығармашылығымен сусындатып өсіру. 

Сот төрағасы Елбасының аталған мақаласы стратегиялық маңызға ие, жасампаз халқымыздың жарқын болашағын айқындайтын ойтолғам екендігін айтып,  қазақ халқы, жалпы қоғамымыз қалай ілгерілеуі керек деген күрделі мәселелер туралы сөз қозғады.

Іс-шарада «Мемлекет басшысы мақаласының тарихи мәні саяси реформа мен экономикалық жаңғыру бағдарламасын қазақстандық қоғамды және әр қазақстандықты рухани жаңғырту арқылы жалғастырады. Сауатты ұрпақ және рухани бай халық сыртқы әсерлерді дұрыс қабылдап, оған жауап бере алады. Ұлт көшбасшысы атап көрсеткен бұл шаралар еліміздің дамудың жаңа деңгейіне көтерілуіне өз септігін тигізетініне сенімдіміз»,- деді Жасұлан Салиев.

Кездесу соңында сот төрағасы  жергілікті атқару органдарының өкілдеріне тарихи тұлғалардың есімдерін жаңғырту, ұрпақ жадында мәңгі қалдыру мақсатында әкімшілік-географиялық нысандарына қазақ халқының «от ауызды, орақ тілді»  би-шешендерінің, «көміс-көмей, жез таңдай» жыршы-термешілердің, «халқына қалаулы, еліне елеулі болған» - қазақ зиялы қауымының есімдерін беруге ұсыныс келтірді.

Өз кезегінде жергілікті атқару органдары сот төрағасының ұсынысын бір ауыздан қолдап, Елбасы мақаласының әрбір тармағын жүзеге асыруда белсенділік танытатындықтарын жеткізді.

Қайнар: 
Маңғыстау аудандық сотының баспасөз қызметі