Алаяққа рақымшылық заңымен шартты жаза тағайындалды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Жаңаөзен қалалық сотында Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігінің 1) тармағымен О-ға қатысты қылмыстық іс қаралды.

Сотта анықталғандай, сотталушы 2015 жылы Жаңаөзен қаласында жәбірленуші Е-мен кездесіп, оны «Бұрғылау» ЖШС-не бұрғышының көмекшісі ретінде жұмысқа орналастырып беретінін айтып, сеніміне кіріп, өзінің ондай жағдайға ықпал етіп, орындауға ешқандай мүмкіндігі жоғын біле тұра, 1 500 000 теңгесін алдап алған. Содан кейін, дәл осы жолмен пайда табу мақсатында жәбірленуші У.-дан да алаяқтық жолмен 1 500 000 теңгесін жымқырып алып кеткен.

Сот үкімімен О. жоғарыда аталған баппен кінәлі деп танылып, оған 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің жиырма бес жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» ҚР Заңының 4-бабының 2-тармағына сай, жаза мерзімінің өтелмеген бөлігінің төрттен бір бөлігі қысқартылып, түпкілікті 2 жыл 3 ай мерзімге шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Қайнар: 
Жаңаөзен қалалық сотының баспасөз қызметі