Ақтау қалалық сотында медиация кабинеті ашылды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Ақтау қалалық сотында медиация кабинетінің ашылу рәсімі өтті.

Аталған іс шараға Маңғыстау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Ержан Қарабаев және судьялар, прокуратура және құқық қорғау органдарының өкілдері, кәсіби және кәсіби емес медиаторлар мен БАҚ өкілдері қатысты.

Ержан Қарабаев өңір бойынша қылмыстық істер бойынша медитордың көмегіне жүгініп, бітімге келіп жатқан азаматтардың артып отырғанын айтты. «Бітімгершілік рәсімдердің басты мақсаты – тараптарды бір бітімге шақыру. Медиатор ешкімге төрелік айтпайды және шешім шығармайды, ол тек тараптардың екеуіне де тиімді бір шешімге келуіне көмектеседі.  Осы уақытқа дейін медиаторлар қаладағы әр ғимаратты жалға алып, жұмыс істеп келген болса, енді сот ғимаратынан арнайы тегін кабинет беріліп отыр.  Медиация кабинетінің сот ғимаратының ішінен ашылуы қуантады. Бұл жерде кәсіби және кәсіби емес медиаторлардың жұмыс жасауына барлық жағдай қарастырылған», - деді Ержан Қарабаев.

Қалалық сотта ашылған медиация кабинеті қажетті жиһаздармен, кеңселік және әдістемелік құрал-жабдықтармен жарақтандырылған. Онда медиацияны қолдану салалары, татуластыру рәсімдерін жүргізу қағидаттары, әкімдік бекіткен кәсіби және кәсіби емес медиаторлар тізімі туралы ақпарат жазылған арнайы стендтер де ілінген.

Жиын барысында медиаторлар сот жүйесінің басшыларына ынтымақтастық және қолдау танытқандары үшін алғыстары мен ризашылықтарын білдірді. Рәсім соңында Ержан Қарабаев қылмыстық сот өндірісінде медиацияның дамуына белсенді үлесін қосқан медиаторларға  алғыс айтып, жұмыстарына сәттілік тіледі. 

Ендігі жерде сотқа келген тараптар медиатор іздеп алысқа бармайтын болды.

- Сотқа азаматтар түрлі жағдайда келеді. Біреу ашу үстінде, біреу асығыстықпен, енді біреу қажеттілікпен жүгінеді. Осындай кезде сот ғимаратында бір бітімгер отырса, ол келушілерге ой салары анық, - дейді облысқа танымал кәсіби медиатор Әдемі Кемаладинова.

 

Қайнар: 
Ақтау қалалық сотының Баспасөз қызметі