Маңғыстау облысының экономикалық сотының судьясы Ж.Нурушева"Сапа жақсарып, сенім артпақ " "//http://www.mangmedia.kz" 25 Тамыз 2015 05:57

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасы

Мемлекет басшысы  бес институционалдық реформасын іске асырудың «100 нақты қадамы»  жаһандық әрі ішкі сын-қатерлерге жауап ретінде және жаңа тарихи ахуалдағы дамыған 30 елдің қатарына ену жөніндегі «Ұлт жоспарын»  ұсынды. Кәсіби мемлекеттік аппарат құру, индустрияландыру және экономикалық өсімді іске асыру, біртектілік пен бірлікті орнату, қоғамда заң үстемдігін қамтамасыз ету сынды  міндеттер межесі белгіленіп, алдағы мақсат айқындалды. 

Заң үстемдігін қамтамасыз етуде басым бағыт – 17-қадам, судья лауазымына кандидаттарды іріктеу тетіктерін көбейту және біліктілік талаптарын қатайту. Бұл ретте  сот істерін жүргізуге қатысудың 5 жылдық өтілі, кәсіби дағдысы мен іскерлігін тексеру үшін ахуалдық тестілер жүйесін енгізу міндеттелді. Ұлттық комиссия судьялыққа үміткерлердің жасын 30 жасқа дейін өсіру ұсынысын қолдады. Ендігі кезекте  болашақта барлық судьялар міндетті түрде Сот төрелігі институтының магистратурасында даярлықтан өтуі тиіс. Онда оқитын магистранттар мен судьялыққа үміткерлер үшін тағылымдама мерзімін бір жылға дейін арттыру көзделуде. Бұған қоса, судьялыққа үміткерлердің біліктілік емтиханын тапсыру тәртібі қайта қаралып, судьялық лауазымға ұсынылған тұлғалар үшін бір жылдық сынақ мерзімі          енгізілмек.

 19-қадам, яғни судьялардың есеп беру тәртібін күшейту мақсатында жаңа этикалық кодексті жасақтауға аса маңыз берілген. Осы қадамға сәйкес ел азаматтары судьялардың теріс әрекеттері бойынша Жоғарғы Сот жанынан құрылған арнайы Сот алқасына шағымдана алады. Егер судья осы өзінe жүктeлгeн қызмeттік парызын дұрыс орындамай, әдeптілік нормаларының талаптарын бұзса, онда оларға тәртіптік шаралар қолданылады. Елбасының тиісті тапсырмасына сай судья­лардың жаңа Этикалық кодексі әзірленуде. Судья іс-әрекеттерінің және кәсіби этикасының стандарттары белгіленетін құқықтық құжат зор маңызға ие.  Азаматтардың ар-намысы мен абыройын, іскерлік беделдігін қорғауға, құқықтары мен бостандықтарын, заңды мүдделерін         сақтауға, кәсіби жауапкершілікті арттыруға, сот төрелігін жүзеге асыру сапасын жақсартуға оң ықпалын тигізеді.

Ал, 20-қадамға сәйкес барлық сот процестерін бейне және таспаларға жазу міндетті түрде жүзеге асырылады. Судьяның бейне жазуды тоқтатуға немесе аудио жазу материалдарын редакциялауға мүмкіндігі болмауы тиіс. Өңір бойынша барлық сот кабинеттері түгелдей дерлік жаңа жүйемен қамтылған.

Сот жүйесін жаңғыртудағы жаңа реформа осы саладағы дауларды неғұрлым жоғары деңгейде шешуге септігін тигізіп, жергілікті билік органдарының сот процесіне сырттан араласуын тыйым салады. Еліміздің сот төрелігін әлемдік биік деңгейде атқаруға қабілетті, біліктілігі жоғары судьяларды даярлау және іріктеу ісіне соны серпін бермек. Сот төрелігі  сапасының артуы ел азаматтарының сот жүйесіне  деген берік сенімін қалыптастырады.

Тэгтар: