Ғ.БАСТАУБАЕВ, Маңғыстау облыстық сотының судьясы"ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ СОТТАР ҚҰРУ ҚОҒАМ СҰРАНЫСЫНАН ТУДЫ " "//Заң газеті" 2015 жылғы 19 ТАМЫЗ

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасы

Мемлекет дамуына бағдар беретін Ұлт жос­парындағы 100 нақты қадам қазір жанжақты талқыланып, оны іске асырудың тетіктері түбегейлі қарастырылуда. Бұл стратегиялық құжаттың екінші бөлімі заң үстемдігін қамтамасыз етуге, азаматтардың құқығы мен бостандығын мейлінше сапалы, жедел, әділ қорғаудың жолдарын жетілдіруге негізделген.Ұлт жоспарының 23 қадамы инвестициялық даулар бойынша жеке сот істерін ұйымдастыруды көздейді. Мұндай меже Елбасының: «Әділ сот төрелігі инвесторлар мен бизнес үшін қолжетімді болмақ. Жекеменшік құқығы мыз­ғымайтын болады. Инвестициялық сот және халықаралық төрелік сот орталығы үздік халықаралық тәжірибенің үлгісі бойынша елдегі бизнес ахуалды әлемдегі ең тартымдылардың бірі етуі тиіс», – деген сөзін басшылыққа алған болатын.Жалпы, мамандандырылған соттар құруға деген талпыныс бізде өз нәтижесін беріп ке­ле жатыр. Алғашында соттардың жікжікке бөлініп, мамандандырылуы көпшілік арасында күдік туғызғанымен, бүгінде мұндай соттардың істерді жанжақты, сапалы қарайтынын уақыттың өзі дәлелдеді. Қазір бір салаға маманданған соттар өзтәжірибелерін қалыптастырып, саланың қырсырын жетік меңгеріп, кәсіби қабілетін арттыра түсті. Ендеше, мамандандырылған сот құруда аздыкөпті тәжірибесі бар қазақстандық сот құрылымына инвестициялық дауларды қарауға маманданған білікті судьяларды бір арнаға топтастыру, олардың жұмысын тиімді ұйымдастыру, қолдау көрсету көп қиындық туғыза қоймайды. Кез келген істі әр саланың өз маманы жасаса оның сапасы да арта түсетіні табиғи заңдылық. Ал, инвестициялық даулардың сапалы қаралуы судьялардан осы салаға қатысты заңнамаларды жетік меңгеріп, салықтық, кедендік, жер қойнауын пайдалану, қоршаған ортаны, зияткерлік меншікті,бәсекелестікті, табиғи монополияларды қорғау сияқты мәселелерді меңгеруді талап етеді. Әрине, бүгінгідей еліміз Дүниежүзілік Сауда Ұйымына мүше болып, ішкісыртқы бизнесті дамытуға қадам жасалып жатқан уақытта елімізде инвестициялық соттарды құруға деген талпыныстың жасалып жатқаны түсінікті де. Өйткені, экономиканы, бизнесті дамытқысы келген ортада өзара түсініспеушіліктің, даудың туындауы, көбеюі қалыпты жағдай. Бұған дейін кішігірім даулар өңірлік, қалалық соттардың қарауымен өз шешімін тауып келді. Ал, бүгінгідей жағдайда инвестициялық дауларды жеке қарайтын, осы салаға маманданған қазылардың шешім айтуын қажет ететін арнайы соттың құрылуы уақыт талабынан туындап отыр. Осы орайда Елбасы Н.Назарбаевтың: «Шетелдік және отандық инвесторлар қазақстандық әділ соттың адалдығына сенімді болуы тиіс. Оған деген сенімді арттыру үшін инвестициялық дауларды қарауға шетелдік судьяларды тартып, мұндай дауларды шетелдік және халықаралық соттардың үздік стандарттары бойынша қарау қажет», – деуі көп жайдан хабар берсе керек. Инвестициялық дауларды қарауда қазақ­стандық қазылардың тәжірибесі аз екендігі рас. Ал, мұндай дауларды қарап шыңдалған шетелдік кәсіби мамандардың кеңесіне жүгіну, тәжірибесін үйрену айтарлықтай маңызды. Яғни, Мемлекет басшысы айтқандай, алғашқы уақытта шетелдік мамандарды шақырып, инвестициялық дауларды қарауда біліктілігін шыңдаған отандық қазылар өзіне жүктелген міндетті уақыт өте келе мінсіз алып кетеді деп сенеміз. 100 нақты қадамда ерекше айтылған бұл мәселені тиімді шешу мақсатында қазір кешенді шаралар қолға алынуда. Бұл жөнінде Жоғарғы Соттың төрағасы Қ.Мәми: «Азаматтық іс жүргізу кодексінің жобасында инвес­торлар мен мемлекеттік органдар арасындағы инвестициялық қызметке байланысты дауларды қараудың жаңа тәртібі көзделінген. Соған сәйкес, инвестициялық дауларды Астана қалалық соты бірінші сатыдағы сот ретінде қарастыру қажеттілігі ұсынылған. Жоғарғы Сотта мамандандырылған алқа құрылып, инвестициялық даулар бойынша Астана қалалық сотында қаралған істерді апелляциялық тәртіппен, ал, өте ірі инвесторлық дауларды бірінші сатыда қарайтын болады. Осылайша мамандандырылған құрамдағы судьялар үшін инвестиция­лық істер бойынша сатылар санын қысқартуға және істерді қарау сапасын жақсартуға жағдай жасалады», – деген болатын.Инвестициялық соттар құру мәселесі қарас­тырылған Азаматтық іс жүргізу кодексінің жобасы қазір Мәжілісте талқылануда. Ұсынылған тәсілдердің барлығы осы саладағы дауларды неғұрлым жоғары деңгейде шешуге септігін тигізіп, тараптардың ортақ шешімге келіп, мүдделерін тиімді қорғауына септігін тигізері анық.

 

Тэгтар: