Айжан МОЛБАЕВА, Маңғыстау облыстық сотының судьясы "ЗАҢЫ МЫҚТЫ МЕМЛЕКЕТТІҢ — БОЛАШАҒЫ МЫҚТЫ " "//Заң газеті" 2015 жылғы 4 қыркүйек

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасы

Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын ұсынғанына көп уақыт өтпесе де, елімізде бағдарламаны іске асыру бағытында көптеген жобалар оң шешімін тауып, жұмыстар атқарылуда. Шын мәнінде Ұлт жоспары Қазақстанның әлемдегі дамыған көшбасшы 30 елдің қатарына қосылу жөніндегі стратегиялық мақсаттарына қол жеткізуіне мүмкіндік беретініне сенімдімін. Себебі, біз осы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын орындап, Қазақстан дамуының аса ірі әлеуетін ашып көрсететін маңдайалды міндеттерді нақпа-нақ жүзеге асыру арқылы еліміздің болашағын жарқын ете аламыз. Елбасымыз ұсынған Ұлт жос­парынан сот қызметі, заң жүйесі мәселелері де сырт қалмаған. Мәселен, «Заңның үстемдігін қамтамасыз ету» атты бөлімнің 26 қадамында «Азаматтық іс жүр­гізу кодексіне тиісті өзгертулер енгізу» қажеттігі көрсетілген. Иә, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев судьялардың VI съе­зінде сот жүйесін одан әрі дамыту мен азаматтық іс жүргізу заң­намасын жаңғыртуды тапсырып, құжаттың жобасына басшылық жасауды Жоғарғы Сотқа жүкте­ген болатын. Елбасы тарапынан ұсынылған мұндай оң идеяға Жоғарғы Сот бірауыздан қолдау көрсетіп, бүгінде азаматтық іс жүргізу кодексіне тиісті өзгерту енгізу жұмыстары жүргізілуде. Жаңа редакциядағы Азаматтық іс жүргізу кодексіне қатысты көпшіліктің пікірін ескеру мақ­сатында жоба Жоғарғы Соттың интернетресурсына орналасты­рылған болатын. Бүгінгі таңда Азаматтық іс жүргізу кодексіне Жоғарғы Сот­тың тікелей басшылық етуімен білікті, тәжірибелі, «заң саласы­ның жілігін шағып, майын ішкен» судьялардың қатысуымен толық­тырулар енгізілді.Мамандар жобаны әзірлеу барысында Германия, Ресей, Украина, Беларусь сияқты мемлекеттердің де тәжірибелерін зерттеп, сараптаған. Сонымен қатар, еліміздің әр облысында арнайы Жоғарғы Сот өкілдерінің қатысуымен осы толықтыру енгізілген жаңа Азаматтық іс жүргізу кодексін талқылау жұмыстары жүргізіліп, семинарлар өткізілуде. Жаңа жобада сот төрелігін қамтамасыз ету, азаматтық сот ісіне қатысушылардың құқықтарын барынша қорғау, азаматтардың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын өз уақытында қорғау және қалпына келтіру, қоғам мен мемлекет мүддесі мәселелеріне көңіл бөлініп, сотқа дейін бітімге келу, медиациялық тәсілдерді қолдану, электрондық сот, мемлекеттік баж және сот шығындарын өндіруге байланысты мәселелер жетілдірілген. Шын мәнінде, бірнеше жыл бұрын қабылданған Азаматтық іс жүргізу кодексіне тиісінше толықтырулар енгізу қазіргі уақыттың, заманның талабы. Азаматтық іс жүргізу кодексінің жобасы соттардың азаматтық істерді қарау кезіндегі тиімділігін, жеделділігін, мінсіздігін, шапшаңдығын арттырып, сот төрелігін жүзеге асыру сапасына, сот билігінің түбегейлі тәуелсіздігін одан әрі нығайтуға септігін тигізбекші. Онда азаматтық істер бойынша сот төрелігін жүзеге асыруда туындайтын қоғамдық қатынастарды реттеу және азаматтық сот ісін жүргізудегі судьяның рөлі қайта бағамдалған. Бұл – сот төрелігін жүзеге асыру сапасын, сот билігінің түбегейлі дербестігін, тәуелсіздігін одан әрі нығайтып, екшелей түседі деген сөз. Жаңа редакциядағы кодексте сот ісін жүргізуге қатысушылардың іс жүргізу құқықтары мен міндеттерінің объективті теңгерімі көзделіп, ұсынылатын барлық шаралар халықтың әлеуметтік жағынан осал, әлсіз топтарының мүдделері басты назарға алынып, оларды барынша қор­ғауға, қолдауға негізделген. Сондайақ, дауларды реттеудің соттан тыс тетіктерін жетілдіру үшін жекелеген санаттар бо­йынша «Дауларды соттан тыс реттеу» деген жаңа тарау енгізіледі. Жобаға сәйкес тараптардың мүддесі үшін басқа адамдардың сотқа қатысу мүмкіндігі қатаң түрде сақталып, олардың жоғары заңгерлік білімінің міндетті түрде болуы белгіленеді. Себебі, бүгінгі таңда елімізде заңгер мамандарының көптігі соншалықты, қайсысы білімді, талапқа сай, қайсысы талапқа сай еместігін ажырату мүмкін болмай бара жатыр. Жоғарғы Сотқа сот актілерін қайта қарауға өтініш беретін тараптардың мүддесін білдіру тиісті аккредиттеуден өткен адвокаттарға бекітіледі. Сонымен қатар, азаматтық істерді қарау тәртібін оңайлатуға, сот қызметінде техникалық құралдарды кеңінен қолдану арқылы жеңілдетуге негізделген ережелер қарастырылған. Сот жүйесінде заман талабына сай жетілдірілген техникалық құралдар кеңінен қолданылса, қағазбастылық та жойылар еді. Бұл қарапайым халық үшін де, сот қызметкерлері үшін де тиімді болмақ. Заң жүйесі арқылы құқықтары мен бостандықтарын біліп, адамдар өздерін қорғаушының көмегенсізақ қорғап жүре алары сөзсіз. Қазір не көп, дау, ұрыскеріс, шешілмей жүрген түйінді мәселе көп. Ал сол даулардың бірін қалдырмай «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» әділ шешіп бере алатындай мықты заң керек. Сондай заңдардың бірегейі, осы толықтырулар енгізілген Азаматтық іс жүргізу кодексі болмақ. Әрбір Қазақстан азаматы үшін Азаматтық іс жүргізу кодексі – күнделікті өмірдің айнасы, қоғамға бірденбір керек заң. Заңы мықты мемлекеттің болашағы мықты деген сөз бекер айтылмаса керек. Сондықтан, Елбасымыз заң арқылы Қазақстанды дамыған әлем мемлекеттерімен терезесі тең елге айналдырмақшы.